Теміржол билеттерінің жартысынан көбі Интернет арқылы сатылған 29.01.2018

Өткен жылы жолаушылар пойыздарына сатылған электрондық билеттер саны 64% құраса, 2018 жылы ол көрсеткішті 75% дейін жеткізу көзделіп отыр.

Қазіргі таңда қазақстандықтар билеттерді электронды түрде ресімдеуге көп көңіл бөлуде. Жолаушылар интернет сайт, автоматтар, пошта бөлімшелері, халықаралық «Амадеус» жүйесін сәтті пайдалануда.

Жаңа технологиялар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын көтеруге бағытталған. «Нұрлы жол» вокзалында «Цифрлы темір жол» салалық бағдарламасы қанатқақты жоба ретінде өндіріске табысты енгізілді. Вокзал кешенінде мобильдік байланыс желісіне қосылған веб-портал құрылды. Ол арқылы жолаушы нақты тәуліктің кез-келген уақытында билет сатып ала алады. Пойыз кестесін көреді. Пойыздың келу, кету кестесін көріп, таксиге тапсырыс беруге, қонақүйден онлайн режімінде орын алуға, өзі баратын станциясы туралы ақпараттарды біледі.

«Қазіргі кезде жолаушылардың теміржолға қоятын талабы жоғары. Сондықтан, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның алдында вокзал кешенін толыққанды, барынша қауіпсіз, жолаушыларға жайлы ету мақсаты тұр. Бұл өндірістік үдерістерді цифрлық жүйеге өткізу арқылы жедел байланыс құралдары арқылы атқарылады»,-дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы-Магистральдық желі дирекциясының Вокзал шаруашылығын пайдалану мен дамыту жөніндегі Атқарушы директоры Ж. Көрпебаев.

Биылғы жылы еліміздегі 17 вокзалдарда сымсыз ақпараттық бейне қабырғаларымен қамту көзделіп отыр. Ол ақпараттық тақтада пойыздардың кестесі, инфокиоск, бағыт бағдарды мониторингілік бақылау, тұрғындары аз елді мекендердің мәліметі, жолаушылардың жедел байланыс орны секілді ақпараттар жинақталады.

Теміржол вокзалдарына заманауи технологиялар кезең-кезеңімен енгізіледі.

«Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі

http://railways.kz/node/12373