Көліктегі цифрландыру бизнестің белсенді қатысуынсыз мүмкін емес - Жеңіс Қасымбек 30.01.2018

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көлік ұйымдарының цифрлық технологияларды ендіруді жандандыруы қажет екенін атап көрсетті.

 Бұл туралы ИДМ басшысы ҚР Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Асқар Маминнің  төрағалығымен өткен көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің барысында мәлім етті.

 «Арта түсіп отырған бәсекелестік жағдайында Қазақстанның қолда бар көлік-логистикалық инфрақұрылымның жұмыс істеу тиімділігін қамтамасыз етуі қажет», - деді Жеңіс Қасымбек.

 Оның айтуынша, министрлік көлік және жолаушылар ағынын басқаруды жақсартатын, тасымалдардың қауіпсіздігін арттырып, қозғалыс жылдамдығын ұлғайтатын заманауи жүйелерді ендіру жұмысын жүргізуде.

 Мәселен, көп құрамдасты «Интеллектуалдық көлік жүйесі» жобасының аясында көлік құралдарының, инфрақұрылымның, пайдаланушылар мен инфокоммуникациялық технологиялардың ықпалдастығы кезеңімен іске асырылады.

 Одан бөлек, автожол саласында ақауларды алғашқы кезеңде жою жолымен жолдардың тіршілік циклының шығыстарын оңтайландыру үшін жол активтерін басқару жүйесі ендіріледі.

 Авиация саласында E-freight әуе жүк тасымалдарына қағазсыз құжат айналымы және әуе жолаушылары туралы мәліметтерді жинақтау және өңдеу жүйесі ендіріледі.

 Министр көліктегі цифрландыру бизнестің белсенді қатысуынсыз мүмкін еместігін атап көрсетті. Зерттеулерге сай цифрландыру компанияның табысын үштен бір есеге дерлік арттырады.

 «Көлік ұйымдары сондай-ақ дәстүрлі тәсілдер мен қолмен басқару әдістерін жоя отырып, цифрлық технологияларды бизнес-процестерге белсенді ендіру қажет. Біз транзиттік әлеуетті одан әрі іске асыруды, инфрақұрылымның сапасына байланысты физикалық кедергілерді жою жұмысын жалғастыруды жоспарлап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ермек Қизатов 2021 жылға дейін АТЖ ендіруден алынатын экономикалық пайда 450 млрд. теңгені құрайтынын хабарлады.

 ҚАЗАҚПАРАТ